Ауылдағы білім беру ісі сонау 1928 жылдардан бастау алады. 1928 жылы Шымкент уезіне іс-сапармен келген халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынов уезге қарасты елді мекендерден сауатты адамдарды іздестіріп, шақыртып сауатсыздықты жою жөнінде мәжіліс өткізеді. Сол мәжіліске ауыл азаматы, ескіше білім алған Садыбаев Мәлік қатысып, Ахмет Байтұрсыновтың қолынан төте харіпке негізделіп жазылған әліпбиді, жазу-сызу құралдарын,сондай-ақ, «Қызыл отау» ұйымдастыру үшін киіз үйді қоса береді. Сол жылы ауылда сауатсыздықты жою үшін «Қызыл отау» ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының сауатын ашу үшін жұмыстар қолға алынды. 1929 жылы ірі байларды кәмпескелеу барысында ауылдағы тұрғындардың кеңес үкіметінің солақай саясатына наразылығы, жаппай елден жыраққа, өзге елдерге қашып кетуге жеткізеді. Ауылда 4-5 шаңырақ ғана қалып,білім беру ісі тоқтайды. 1931 жылы үкіметтің босқындарды елге қайтару ісі қолға алынғаннан кейін барлық жерде ауыл тұрғындары ауылға орала бастайды. Білім беру ісі қайта қолға алынады. Мектеп ретінде ауылдағы тәуір үйлер, сондай-ақ, колхоз атқорасы пайдалануға беріледі. Ашаршылық, соғыс жылдары да білім беру ісі де жалғасын табады. Арнайы мектеп үйі 1933 жылы «Сармолда» деген атпен өз ісін жалғастырады. Екі бөлмеде 1 сыныппен 3 сынып, 2 сыныппен 4 сынып оқушылары біріктіріліп оқытылады. Садыбаев Мәлік бастауыш мектептің меңгерушісі ретінде ұзақ әрі жемісті еңбек етіп, 1973 жылы зейнеткерлікке шығады. Осы жылдар аралығында мектеп атауы «Каганович» болып та өзгертілді. 1973-1986 жылдар аралығында Садыбаева Қаныш бастауыш мектептің меңгерушісі ретінде басшылық қызметте болды.1964 жылы шаруашылықтың қаржысымен жаңа мектеп үйі салынады. Мектеп «XXІ партсьезд» атындағы бастауыш мектебі аталған. 1986 жылы совхоздың қаржысымен кең, жарық мектеп үйі тұрғызылып «ХХІ партсьезд» атындағы сегізжылдық мектепке айналады. 1986-1991 жылдар аралығында Жүнісов Балтабай директор болып қызмет атқарады. Мектепті қалыптастыру үшін қыруар ұйымдастыру жұмыстарын сәтті жүргізе отырып, нәтижелі еңбектенді. 1991-2007 жылдар аралығында Қалықбай Құлмаханбет директор бола жүріп, кадрларды іріктеуде және орналастыруда, мектепке қосымша қаржы көздерін игеріп, материалдық-техникалық базасын нығайтуда еңбектенеді. 2001 жылы аудандық атқару комитетінің шешімімен «Қарабастау» негізгі мектебі болып атауы өзгертіледі. 2001 жылы 120 орындық мектеп үйін салу қажеттілігі туындап, қосымша табылған қаржыға, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының демеушілігі мен қосымша мектеп ғимараты салынды.Мектеп құрылысы 2002 жылы бітіп сол жылы қыркүйекте пайдалануға берілді. Әрі жалпы орта мектеп статусын алды, білім беру аясы кеңейтілді. 2007-2008 жылдары аралығында мектеп директоры болып Исаев Бек қызмет атқарды. 2008-2012 жылдар арлығында Уразов Әлімжан мектеп директоры болып қызмет атқарды. 2012-2015 жылдары Жүзбаев Сейітбек мектеп директоры қызметін атқарды. Осы жылдары 2013 жылы ауыл азаматы кәсіпкер әрі мецанат Төлендиев Бекасылдың жаңа үлгідегі 200 орындық мектеп үйін тұрғызуға бастама көтерді. Жаңа мектеп құрлысы 2013 жылы басталып, 2014 жылы заманауи мектеп ғимараты пайдалануға берілді. 2015 жылы Тулешова Гүлмира мектеп директоры қызметіне кірісті. Қазіргі таңда мектепте 43 мұғалім , 21 кіші техникалық қызметкер жұмыс істейді. 240 оқушы сапалы да, саналы білім алуда.
«Қарабастау» жалпы орта мектебінде басшылық қызметте болған адамдар.
- 1933-1973 жылдары Садыбаев Мәлік
- 1973-1986 жылдары Садыбаева Қаныш
- 1986-1991 жылдары Жүнісов Балтабай
- 1991-2007 жылдары Қалықбай Құлмаханбет
- 2007-2008 жылдары Исаев Бек
- 2008-2012 жылдары Уразов Әлімжан
- 2012-2015 жылдары Жүзбаев Сейітбек
- 2015 жылдан Тулешова Гүлмира
Қазіргі таңдағы кадрлардың сапалық және сандық құрамы:
Жалпы мұғалім саны -45.
Оның ішінде педагог- модератор саны -10, педагог-сарапшы саны -10, педагог зерттеуші саны-8. Жоғары кәсіптік білімі бар педагогтардың үлесі : -45 педагогтың, кәсіптік білімі бар және100% жоғары білімді.
Мектеп оқушыларының жыл аралық сандық құрамы:
2019-2020 оқу жылында 239 оқушы,
2020-2021 оқу жылында 241 оқушы білім алды.
2021-2022 оқу жылында 244 оқушы білім алуда.
